Мекеме кәріздік сорғы станцияларына қайта құру жұмыстарын жүргізуде
Қалалық «Қостанай-су» кәсіпорны «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәріздік сорғы станцияларына қайта құру жұмыстарын жүргізуде.
Айталық, №1 кәріз сорғысының сметалық құны 265 426 мың теңгені құрайды. Бұл жұмыстарды «Сапа құрылыс 2007» ЖШС атқаруда.
– Мердігер жобаға сәйкес бөлшектерді орнату, батырмалы құдықты қалыңдығы 100 мм жабындымен қаптау және қайтадан топырақпен жабу жұмыстарын атқарды. Жұмыстар әлі де жалғасатын болады. Технологиялық жабдықты жеткізуге келісім-шарт ағымдағы жылдың тамыз айында жасалды. Осы жылы жеткізу мерзімі жалғасады, келер жылдың ақпан айында дейін шарт жасалып қойған, – деп атап өтті «Қостанай-су» КММ директоры Еркебұлан Файзуллаев.
Сонымен қатар, бас кәріздік сорғы станциясын жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Онда сорғы орналасқан нысанның аумағын қаптау, терезе мен есіктерді қаңылтырмен жабу жұмыстары орындалуда.
– Бетон каналдарының бір бөлігін арматуралау және бетондау жүргізілді. Ғимарат ішінің бағандары орнатылып, бетон каналдарын гидрооқшаулау және ішінара жылыту жүйесі тартылды. Аумақты қоршау ісі толық аяқталып, әктеу жұмыстары атқарылуда, – деді мекеме басшысы.
Бас кәріздік сорғы станциясын жаңғырту құны 716,885 мың теңгені құрайды. Ағымдағы жылға болжамды игеру 549 096 мың теңге, келер жылы қалған 136 693 мың теңгеге игеру жұмыстары атқарылмақ.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 39 адам жұмысқа орналасты, Жалпы, қос бағдарлама шеңберінде 340 адамды жұмысқа тартуды көздеп отырмыз. Орташа жалақы көлемі 80 мың теңгені құрайды, – деді Еркебұлан Файзуллаев.
Айта кету керек, дәл осындай қайта құру жұмыстары №2, 5а, «Онкодиспансер» кәріздік сорғы станцияларына жүргізілетін болады. Атқарылған жұмыстан соң, қызмет сапасы артпақ. Яғни, кей құбырлар автоматты тазалау жүйесіне ауыстырылып, қызмет көрсету мерзімі ұзарады.
Мысалы, №1, №2 кәріз құбырлары қырық жылдан астам уақыт бойына қызмет көрсетіп келеді. Құрылғылар көнергендіктен, апаттық жағдайдың кез-келген уақытта туындау қауіпі бар. Екінші жағынан жаңа құрылғынын тиімді тұсы экологиялық мәселе туындамайтындығын атап өтті мекеме басшысы.
Бұл атқарылатын жұмыстардың барлығы, «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жасалуда.